Зарина Алтынбаева — қазақстандық опера әншісі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (2025), сондай-ақ Zarina Altynbayeva Youth Music Competition (ZAYMC) халықаралық байқауының негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі.
2011 жылы Лондон университетінің Goldsmiths колледжін музыка магистрі дәрежесі бойынша үздік тәмамдаған. Халықаралық беделді байқаулардың лауреаты: Alion Baltic International Music Competition (Латвия, 2018) — I дәрежелі лауреат, XVI Tokyo Music Competition (Жапония, 2018) — I дәрежелі лауреат және көрермендер көзайымы жүлдесінің иегері, Montecatini Opera Competition (Италия, 2019) — II дәрежелі лауреат және басқа да халықаралық өнер додаларының жеңімпазы.
Зарина Алтынбаева халықаралық деңгейде белсенді концерттік және гастрольдік қызмет атқарып келеді. Ол әлемнің жетекші опера театрлары мен концерттік сахналарында өнер көрсетіп келеді. Атап айтқанда, Pergolesi Opera Theater (Италия), Astana Opera (Қазақстан), Палиашвили атындағы Грузия опера және балет театры (Грузия), Tokyo Bunka Kaikan (Жапония), Мариин театры, Геликон-опера (Ресей), Әзербайжан мемлекеттік академиялық опера және балет театры (Әзербайжан) және басқа да беделді мәдени мекемелердің сахналарында өнер көрсетті.